МҰНАЙШЫЛАР ӘЗ-НАУРЫЗДЫ АТАП ӨТТІ

Екі жылға созылған пандемия шектеулері бәсеңсітілгеннен кейін «Қазақтүрікмұнай» ЖШС кен орындарындағы мұнайшылар биыл көктем мерекесі – Әз Наурызды кең көлемде атап өтті.

Мерекелік іс-шаралар Маңғыстау облысында Бейнеу ауданы аумағындағы №1 мұнай-газ өндіру цехына қарасты Б.Елемес кен орнында, ал Ақтөбе облысында Байғанин ауданындағы №2 мұнай-газ өндіру цехының О.Қаратөбе кен орнында ұйымдастырылды. Мұнайшылар түрлі командаларға бөлініп футбол, волейбол бойынша жарысты. Сонымен қатар жекелеген қызметкерлер үстел теннисі, шахмат, кір тасын көтеру бойынша өзара сынасты. Ал тоғызқұмалақ, арқан тарту секілді ұлттық спорт түрлері мереке сәнін еселей түсті. Жарыс қорытындысы бойынша, жеңімпаз атанғандар бағалы сыйлықтармен марапатталып, оларға «Қазақтүрікмұнай» ЖШС бас директоры Т.М. Исаевтың «Алғыс хаты» табыс етілді.

Мерекелік дастарханда домбырамен күй шертіп, ән айтқан қара алтын өндірушілері өнерден де кенде емес екендерін паш етті.


Тізімге оралу