Президент Қазақстанның мұнай өнеркәсібіне 125 жыл толуына орай ұйымдастырылған іс-шараға қатысып, сөз сөйледі. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл датаның айтулы белес екенін атап өтіп, сала қызметкерлерін құттықтады.
«Бәріңізге мәлім, қазақ мұнайы ғасырлар тоғысында алғаш рет Атырау аймағынан алынды. Содан бері бұл сала ел экономикасында айрықша рөл атқарып келеді. Халқымыз да мұнайды «қара алтын» деп атайды. Дүние жүзінің өркендеу жолы энергетика ресурстарымен тығыз байланысты болды. Ғылым мен технологияның дамуына қуат көздері ерекше ықпал етті. Осы үрдіске қазақ жеріндегі қара алтын өндірісі де мол үлес қосқаны сөзсіз», - деді Мемлекет басшысы.
Жиын соңында Президент мұнай-газ саласында өнімді еңбек етіп, еліміздің өркендеуіне зор үлес қосқан бірқатар азаматты мемлекетті наградалармен марапаттады.
«Қазақтүрікмұнай» ЖШС №1 мұнай және газ өндіру цехының сорғы қондырғылары машинисі Насырбек Кинжеев «Құрмет» орденімен, №2 мұнай және газ өндіру цехының электр-газбен дәнекерлеушісі Оразбай Сақауов «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.