«ҚАЗАҚТҮРІКМҰНАЙ» ЖШС-ҒА 30 ЖЫЛ!

«Қазақтүрікмұнай» ЖШС бас директоры Талғат Исаев кәсіпорынның мерейтойына байланысты ұжымның жұмыскерлеріне құттықтау хатын жолдады. «Сіздерді «Қазақтүрікмұнай» ЖШС-ның 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!», делінген ұжым басшысының құттықтауында.

1993 жылы 4 ақпанда «Қазақтүрікмұнай Лтд» Жарғылық капиталының 51 % отандық «Қазақойл» ұлттық мұнай компаниясына, қалған 49 % түркиялық ТПАО компаниясына тиесілі тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы алғашқы біріккен кәсіпорын ретінде тіркелді.

1997 жылы ҚР Үкіметі Қазақстан тарапының құқықтары мен міндеттерін «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ға тапсырды. 2014 жылы 23 қазанда «Қазақтүрікмұнай» ЖШС-ның Жарғылық капиталындағы ТПАО-ға тиесілі 49 % үлесі сатылғаннан кейін Ұлттық компания «ҚазМұнайГаз» серіктестіктің жалғыз құрылтайшысы болып есептеледі.

«Қазақтүрікмұнай» ЖШС бүгін таңда көмірсутегін өндіру бойынша қуатты және тұрақты кәсіпорынға айналды.

Кәсіпорынға жүктелген өндірістік міндеттер әрдайым сәтті түрде жүзеге асырылуда. Кен орындарының ескіргеніне қарамастан, кәсіпорын көмірсутегі өндірісі көлемін біршама арттыруға қол жеткізді. Тек геологиялық-техникалық іс-шаралардың арқасында ғана, соңғы жылдары қосымша бір миллион тонна мұнай өндірілді! Механикалық түрде жұмыс жасайтын ұңғымаларда жөндеу жұмыстары арасындағы кезең 2016 жылмен салыстырғанда 2021 жылы 572 тәуліктен 1055 тәулікке дейін көбейді (1,8 есе).

2022 жылдың қорытындысы бойынша, ҚТМ жоспарланған 431 443 тоннаның орнына 436 221 тонна мұнай өндірді. Мұнай өндіру жоспары 4 778 тоннаға артығымен орындалды (1,1%). Жоспарланған 161 млн. м³ орнына 197 млн. м³ ілеспе газ өндірілді. Газ өндіру жоспары 36 млн. м³ артығымен орындалды.

2021 жылы кәсіпорынға тиесілі кен орындарындағы мұнай мен конденсаттың геологиялық қоры 14,3 миллион тоннаны, ал өндіруге болатын мұнай қоры мөлшері 5,2 миллион тоннаны құрады. Бұл көрсеткіш кәсіпорынның болашағының зор екенінің дәлелі болса керек.

«Қазақтүрікмұнай» ЖШС әлеуметтік мәселелерге де әрдайым тиісті дәрежеде көңіл бөліп келеді. «О. Қаратөбе» және «Лақтыбай» кен орындарында құрамында спорты залы, медициналық пункті, асханасы, демалыс бөлмелері бар заманауи вахта қалашықтары салынып, іске қосылды. Болашақта №1 мұнай-газ өндіру цехындағы кен орындарында да жұмыскерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін жұмыстар жасалмақшы.

Талғат Исаев өз құттықтауында әріптестеріне алғыз білдіре отырып, оларға зор денсаулық, еңбекте жаңа табыс, сонымен қатар отбасыларына береке мен бақыт тіледі.

-                     «Қазақтүрікмұнай» ЖШС жыл сайын жаңа биік белестерді бағындырып, Қазақстан Республикасы экономикасының қарыштап дамуына өз үлесін қоса берсін!, - деп қорытындылады «Қазақтүрікмұнай» ЖШС-ның бас директоры.

Тізімге оралу