ОҢТҮСТІК ҚАРАТӨБЕ ЖӘНЕ ЛАҚТЫБАЙ КЕН ОРЫНДАРЫНДА 4G/2G БАЗАЛЫҚ СТАНЦИЯЛАРЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

«Қазақтүрікмұнай» ЖШС өндірістік нысандардағы заманауи телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруда. Компанияның Мұнай және газ өндіру цехы №2 құрамындағы Оңтүстік Қаратөбе және Лақтыбай кен орындарында 4G/2G стандартындағы базалық станцияларының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

Жоба нәтижесінде кен орындарының өндірістік нысандары мен ұңғымаларында тұрақты ұялы байланыс және жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділік қамтамасыз етілді. Бұл өндірістік ақпарат алмасудың жеделдігін арттыруға, өндірістік процестердің тиімділігін көтеруге және қызметкерлердің еңбек жағдайларын жақсартты.

Жобаның оң нәтижесін өндірістік нысандармен қатар жақын маңдағы елді мекен тұрғындары да сезінуде. Жаңа базалық станциялардың іске қосылуының арқасында Ақтөбе облысы Байғанин ауданындағы Жарқамыс ауылында ұялы байланыс пен мобильді интернеттің сапасы айтарлықтай жақсарды.

Цифрлық және телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту – «Қазақтүрікмұнай» ЖШС қызметінің басым бағыттарының бірі. Компания өндірістік процестердің тиімділігін арттыруға, сенімді байланыс орнатуға және қызметкерлер үшін қолайлы еңбек жағдайларын жасауға бағытталған заманауи технологиялық шешімдерді кезең-кезеңімен енгізуді жалғастыруда.

Тізімге оралу