МҰНАЙ ӨНДІРУ ЖОСПАРЫ ОРЫНДАЛДЫ

«Қазақтүрікмұнай» ЖШС 2022 жылға белгіленген мұнай өндіру жоспарын артығымен орындады. Бұл туралы кәсіпорынның бас директоры Талғат Исаев ұжымға жолдаған құттықтау хатында мәлімдеді.

-       Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Сіздермен қуанышты жаңалықты бөліскім келетінін хабарлаймын. 28 желтоқсанда мекемеміз бір жылға арналған мұнай өндіру және мұнай тапсыру жоспарларын артығымен орындады. Жоспарланған 431 443 тоннаның орнына барлығы 432 581 тонна мұнай өндіріліп, бір жылдық жоспарымыз 1 138 тоннаға артығымен жүзеге асырылды. Ал мұнай тапсыру бойынша, 2022 жылға жоспарланған 426 531 тоннаның орнына 430 497 тонна мұнай тапсырылды. Осылайша, кәсіпорнымыз 2022 жылды абыроймен аяқтап отыр, - делінген Талғат Исаевтың құттықтауында.

2023 жылы құрылғанына 30 жыл толатын «Қазақтүрікмұнай» ЖШС бүгінгі таңда өндірістік қызметтерін 3 лицензиялық блокта жүзеге асырып келеді. Ақтөбе облысында IIA блогында (Лақтыбай кен орны) және Оңтүстік Қаратөбе кен орнында (лицензия - МГ-307) өнеркәсіп өндірісі жүргізіліп жатыр. Маңғыстау облысында IV блогында 4 кен орнында өнеркәсіп өндірісі жалғасуда (Батыс Елемес, Шығыс Сазтөбе, Оңтүстік-Шығыс Сазтөбе, Солтүстік-Шығыс Сазтөбе кен орындары).

Тізімге оралу