Астанада Ұлттық компания іске қосқан OilLeaders бағдарламасы аясында іріктеуден өткен 200 жас маманды біріктірген «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның Жастар форумы өтті.
Іс-шараға «Қазақтүрікмұнай» ЖШС атынан үш жас маман – Анафина Найля, Жаңғалиев Азат және Қалмұқан Жарас қатысты.
Форумға қатысушылар алдында сөз сөйлеген «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов бүгінде ҚМГ компаниялар тобында 15 мыңнан астам жас маман еңбек етіп жатқанын атап өтті. Компания кадрларды даярлау және олардың біліктілігін арттыру жүйесін одан әрі дамытып, жұмысшы кәсіптер мен заманауи құзыреттерді дамытуға ерекше көңіл бөлуде.
«Жақында іске қосылған OilLeaders бағдарламасы жаңа идеялар ұсынып, өз еңбегімен саланың дамуына үлес қоса алатын мұнай-газ секторындағы көшбасшылардың жаңа буынын даярлауға бағытталған. Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылында жаңа технологиялар саласындағы құзыреттердің маңызы арта түсуде. Алда сіздерді жасанды интеллект, коммуникациялар, көшбасшылық және зияткерлік әлеуетті дамыту бойынша тренингтер күтуде. Нәтижесінде бағдарламаға қатысушылар өз білімдерін кеңейтіп, алған білімдерін одан әрі кәсіби қызметінде қолданатын болады», – деп атап өтті ҚМГ басшысы.
Форум аясында жас мамандар үшін заманауи цифрлық құралдар бойынша білім беру сессиялары мен практикалық сабақтар да ұйымдастырылды. Атап айтқанда, қатысушылар Vibe Coding және жасанды интеллект агенттерін әзірлеу бойынша оқудан өтті.
«Қазақтүрікмұнай» ЖШС жас мамандарының форумға қатысуы жаңа білім мен практикалық дағдыларды игеруге, ҚМГ тобына кіретін басқа кәсіпорындардың әріптестерімен тәжірибе алмасуға, сондай-ақ цифрлық технологиялар мен көшбасшылық салаларындағы кәсіби құзыреттерін кеңейтуге мүмкіндік берді.