Мұнайшылардың кәсіби мерекесі – Мұнай және газ өнеркәсібі қызметкерлері күні қарсаңында «Қазақтүрікмұнай» ЖШС бас директоры Қ. Арымбек компанияның Маңғыстау және Ақтөбе облыстарындағы №1 және №2 мұнай-газ өндіру цехтарына барып, кен орындарындағы жұмыскерлермен кездесті.
Компания басшылығы сала мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, жұмыскерлерге Энергетика министрлігінің, Ақтөбе облысы Жарқамыс ауылы әкімдігінің, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен «Қазақтүрікмұнай» ЖШС-ның атынан берілген Құрмет грамоталарын және Алғыс хаттарды табыс етті.
Сонымен қатар мерекеге орай кен орындарында спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Жұмыскерлер футбол, волейбол, үстел теннисімен қатар, қол күресі, ләңгі тебу және асық ату сияқты ұлттық спорт түрлерінен бақ сынады.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен, грамоталармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Мерекелік іс-шаралар мұнайшылардың кәсіби шеберлігін ғана емес, ұжымдағы бірлік пен өзара қолдауды нығайтуға бағытталған дәстүрлі құндылықтардың маңызын тағы бір мәрте көрсетті.