21–22 мамыр күндері Ақтөбе қаласында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ тобы Ақтөбе облысындағы мұнай-газ өндіруші компаниялары арасындағы Спартакиаданың іріктеу кезеңі ұйымдастырылды. Ауқымды спорттық додаға «Қазақтүрікмұнай» ЖШС, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС, «Урихтау Оперейтинг» ЖШС және «Урал Ойл Энд Газ» ЖШС командалары қатысты.
Екі күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша командалық есепте «Қазақтүрікмұнай» ЖШС спортшылары жақсы нәтиже көрсетті. Атап айтқанда, компанияның футбол және шахмат командалары ІІ орынды иеленсе, волейбол және киберспорт командалары ІІІ орынға тұрақтады.
Сонымен қатар жекелей сайыстарда да «Қазақтүрікмұнай» ЖШС қызметкерлері үздіктер қатарынан көрінді. №2 мұнай-газ өндіру цехының мастеры Қанат Төремұратов тоғызқұмалақтан, №2 мұнай-газ өндіру цехының диспетчеры Айсағали Садуақасов садақ атудан өз санатында І орынды иеленді. Ал компанияның кеңсе маманы Найля Анафина финалдық кезеңге тікелей жолдама алды.
Жеңімпаз спортшылар 11–15 маусым аралығында Астана қаласында өтетін «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниялар тобы арасындағы Спартакиаданың финалдық кезеңінде «Қазақтүрікмұнай» ЖШС намысын қорғайды.