2026 жылғы 12 қазанда «Қазақтүрікмұнай» ЖШС қызметкерлеріне Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ведомстволық наградалары табысталды.
Салтанатты рәсім барысында «Қазақтүрікмұнай» ЖШС бас директоры Құдайберген Арымбек марапат иелерін құттықтап, олардың кәсіби біліктілігін, көп жылғы адал еңбегін және кәсіпорынның дамуына қосқан үлесін атап өтті.
Атап айтқанда, сатып алуларды жоспарлау және ұйымдастыру бөлімінің бастығы Лилия Агишева Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің «Мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Күрделі құрылыс бөлімінің бастығы Есенаман Самаевқа ҚР Энергетика министрінің Құрмет грамотасы табысталды.
Зейнеткерлік жасына жеткен қызметкерлер – өндірістік-техникалық бөлімнің бастығы Базартай Суесинов пен № 1 мұнай-газ өндіру цехының көтергіш машинисі Сағындық Ешім ҚР Энергетика министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
Сондай-ақ Құдайберген Арымбек Б. Суесиновты, С. Ешімді және Е. Нажмеддиновті зейнеткерлікке шығуымен құттықтап, кәсіпорынның дамуына қосқан үлестері мен көп жылғы еңбектері үшін ұжым атынан алғыс білдірді. Қызметкерлердің көп жылғы адал еңбегі мен кәсіби тәжірибесі – компанияның баға жетпес байлығы.
«Қазақтүрікмұнай» ЖШС ұжымы әріптестеріне атқарған еңбектері үшін алғыс білдіріп, оларға зор денсаулық, амандық, отбасылық бақыт пен бақ-береке тілейді.