«Қазақтүрікмұнай» ЖШС қызметкерлері «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ спартакиадасында жүлделі орындарға ие болды
«Қазақтүрікмұнай» ЖШС қызметкерлері «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес және тәуелді ұйымдары арасында өткен дәстүрлі спартакиадада жоғары нәтижелер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды.
Спорттық жарыс қорытындысы бойынша компанияның кеңсе маманы Найля Анафина 30-34 жас аралығындағы әйелдер арасында жүзуден сынға түсіп, ІІ орынға ие болды. Ол жарыстың бас жүлде иегері Асия Набихановадан небәрі 4 секундқа қалып, күміс жүлдені қанжығасына байлады.
Ал №2 мұнай-газ өндіру цехының диспетчері Айсағали Садуақасов ерлер арасында садақ атудан жарыста ІІ орын иеленді.
12-15 маусым аралығында өткен спартакиадаға «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның 39 еншілес және тәуелді ұйымының қызметкерлері қатысты.
Төрт күнге созылған спорттық шара барысында қатысушылар спорттың 15 түрі бойынша бақ сынады. Бағдарламаға футзал, волейбол, баскетбол, арқан тарту, армрестлинг, киберспорт, тоғызқұмалақ, шахмат, асық ату, бес асық, садақ ату, үстел теннисі, жүзу, сондай-ақ жеңіл атлетикадан эстафета және жеке жүгіру жарыстары енді.
Жарысқа қатысушылар өздерінің спорттық шеберлігін, командалық рухын және жеңіске деген жігерін көрсетті.
«Қазақтүрікмұнай» ЖШС ұжымы әріптестерін қолдап, қызметкерлердің салауатты өмір салтын ұстануына және спорттық белсенділігін арттыруға ерекше мән береді.
Компания спортшыларының бұл жетістіктері – кәсіби қызмет пен белсенді өмір салтын үйлестіре білудің жарқын үлгісі.