«Қазақтүрікмұнай» ЖШС құрылымдық бөлім басшылары кен орындарында қызметкерлермен кездесті

2026 жылғы 7–8 сәуір күндері «Қазақтүрікмұнай» ЖШС бас директоры және құрылымдық бөлімдердің бірқатар басшылары компанияның өндірістік нысандарындағы еңбек ұжымдарымен көшпелі кездесулер өткізді.

8 сәуір күні бас директор Қ. Арымбек, сатып алу және материалдық-техникалық қамтамасыз ету департаментінің директоры Н. Тымбаев, сондай-ақ құқықтық қамтамасыз ету және тәуекелдерді басқару бөлімінің бастығы Д. Байтереков Маңғыстау облысындағы №1 мұнай және газ өндіру цехында болды. Сапар барысында қызметкерлерге тауар, жұмыс және қызметтерді сатып алу рәсімдері түсіндіріліп, өндірістік мәселелерді құқықтық сүйемелдеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат берілді.

Кездесу аясында Қ. Арымбек №1 мұнай және газ өндіру цехының геологы Нуридин Утебаевқа Геологтар күніне орай «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының Құрмет грамотасын табыстады.

Сонымен қатар, бас директор компания тарихындағы алғашқы көлденең ГС-1 ұңғымасын игеру барысымен («Шығыс Сазтөбе» кен орны), сондай-ақ «Сазтөбе–51» ұңғымасында бұрғылау жұмыстарына дайындық жағдайымен танысты.

2026 жылғы 7–8 сәуір күндері өндірістік-техникалық бөлімнің бастығы Б. Суесинов, геология және игеру бөлімінің бастығы Қ. Ерғалиев және күрделі құрылыс бөлімінің бастығы Е. Самаев жұмыс сапарымен Ақтөбе облысындағы №2 мұнай және газ өндіру цехын және №3 ұңғымаларды күрделі және ағымдағы жөндеу цехын аралады. Қызметкерлерге іске асырылып жатқан және жоспарланған күрделі құрылыс нысандары, сондай-ақ Лақтыбай және Қаратөбе Оңтүстік кен орындарының ресурстық базасы туралы ақпарат ұсынылды.

Кездесулер барысында басшылар қызметкерлердің сұрақтарына жауап беріп, өзекті өндірістік мәселелерді талқылады.

Компанияның құрылымдық бөлімшелері басшыларының кен орындарына көшпелі сапарлары 2026 жылдың сәуір айы бойы жалғасатын болады.

Тізімге оралу