ЕСЕП БЕРУ КЕЗДЕСУІ

«Қазақтүрікмұнай» ЖШС бас директоры Талғат Исаев Ақтөбе облысы Байғанин ауданы аймағында орналасқан №2 мұнай-газ өндіру цехы ұжымымен кездесіп, 2021 жылдың алғашқы жартыжылдығы бойынша есеп берді.

Есеп беру жиынына цех жұмыскерлерімен қатар компанияның адам ресурстарын басқару бөлімінің бастығы Сымбат Ақмағамбетова, орталық инженерлік-технологиялық қызметінің басшысы Асхат Айжарық, №2 мұнай-газ өндіру цехының бастығы Асқар Көбесов және оның орынбасары Құрманбек Айтмағанбетов қатысты.

Бас директор жұмыскерлерге компания тарапынан ағымдағы жылдың алғашқы жартысында қол жеткізген өндірістік көрсеткіштер туралы мәлімдеді.

«Қазақтүрікмұнай» ЖШС 2021 жылдың 1 қаңтары мен 31 шілдесі аралығындағы жоспарланған 213 780 тоннаның орнына, 214 506 тонна мұнай өндірді. 01.07.2021 күнгі жағдай бойынша, мұнай өндірілетін ұңғыма саны 54 бірлік.

2021 жылдың 6 айында бюджетке жалпы сомасы 5 млрд. 390 млн. теңге болатын салықтар мен төлемдер аударылды. 6 айдың қорытындысы бойынша, кәсіпорындағы орташа жалақы 692 490 теңгені құрап отыр.

Мамандар даярлау және әлеуметтік көмектер мен өтемақылар төлеу жөніндегі міндеттер толығымен орындалды. Атап өтер болсақ, есептік кезең ішінде өнеркәсіп қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша теріс көрсеткіштер тіркелген жоқ.

Жиында бас директор жұмыскерлер тарапынан қойылған жеке сұрақтарға да жауап берді.

Жиын соңында №2 мұнай-газ өндіру цехының бастығы Асқар Көбесов басшылыққа жұмыскерлердің әлеуметтік жағдайына тиісті дәрежеде көңіл аударып отырғаны үшін алғыс білдірді. Ол сондай-ақ кәсіпорынға жүктелген өндірістік міндеттерді орындау үшін ұжым мүшелерінің қолдан келген мүмкіндіктерді жүзеге асыратынын мәлімдеді.

Тізімге оралу