БАС ДИРЕКТОРДЫҢ ЖАЗҒЫ КУБОГЫ

Ақтөбе қаласындағы «Әлихан» спорт кешенінде шағын футболдан «Қазақтүрікмұнай» ЖШС бас директорының жазғы Кубогы өтті. Бас дирекция аппараты қызметкерлері мен №1 және №2 мұнай-газ өндіру цехтарының жұмысшыларынан құралған командалар арасында өткен доп сайысында 1-ші орынды №2 мұнай-газ өндіру цехы командасы жеңіп алды.

Шағын футбол додасының ашылу рәсімінде ұжымның басшысы Т.Исаев сөз сөйлеп спорттық шараның ұйымдастырушыларына алғысын білдіріп, сондай-ақ команда мүшелеріне сәттілік тіледі.

- Бүгінгі шараның басты мақсаты –салауатты өмір салтын насихаттау, сонымен қатар ұжым мүшелері арасында ауызбіршілікті арттыру. Кәсіпорнымыз жұмыскерлердің бос уақыттарында спортпен шұғылдануы үшін Ақтөбе облысындағы кен орындарында футбол алаңы бар спорт залдарын салды. Маңғыстау облысындағы Батыс Елемес кен орнында да футбол алаңының құрылысы басталмақшы. Бүгінгі шараны ұйымдастырып отырған жігіттерге алғыс айтқым келеді. Ойындар сәтті өтсін, барлық командаға жеңіс тілеймін, - деді «Қазақтүрікмұнай» ЖШС бас директоры Т.Исаев.

Ал бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары М. Елеусінов әріптестеріне шағын футбол бойынша бас директордың жазғы кубогы ойындарының игі дәстүрге айналатынын, болашақта басқа да спорт түрлерінен жарыстар өткізу жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

Кубоктың шымылдығын бас дирекция аппараты мен №2 мұнай-газ өндіру цехы командалары ашты. Алғашқы кездесуде екі команда да қарсыласына есе жібермеуге тырысып бақты. Ойын тең ұпаймен аяқталды. Дегенмен №2 мұнай-газ өндіру цехының футболшылары екінші кездесуінде өз қарсыластарынан басым түсті. Осылайша Кубок ойындары қорытындысы бойынша, №2 мұнай-газ өндіру цехының футболшылары Кубок жеңімпазы атанды. Ал екінші кездесуінде №1 мұнай-газ өндіру цехының командасынан ұтылған бас дирекция аппаратының футболшылары 3-ші орынды місе тұтты.

Қазылар алқасының шешімімен бас директордың жазғы кубогында ерекше ойынымен көзге түскен төмендегі ойыншылар келесі марапаттарға ие болды.

1. «Қазақтүрікмұнай» ЖШС бас директорының жүлдесі – Дуржанов А., №1 мұнай-газ өндіру цехы командасының ойыншысы.

2. Ең үздік сұрмерген - Дуржанов А., №1 мұнай-газ өндіру цехы командасының ойыншысы.

3. Ең үздік қорғаушы – Унашев С., №2 мұнай-газ өндіру цехы командасының ойыншысы.

4. Ең үздік қақпашы – Карагозин Е., №2 мұнай-газ өндіру цехы командасының ойыншысы.

5. Ең үздік ойыншы – Агатаев О., №2 мұнай-газ өндіру цехы командасының ойыншысы.

6. Ең үздік шабуылшы – Раханов Б., бас дирекция аппараты командасының ойыншысы.

Тізімге оралу