АҚТӨБЕЛІК АРДАГЕРЛЕР БЕЙНЕБАЙЛАНЫС АРҚЫЛЫ «ҚАЗМҰНАЙГАЗ» ҰК АҚ БАСШЫСЫМЕН ЖҮЗДЕСТІ

«Қазақтүрікмұнай» ЖШС бас дирекциясы кеңсесінде ақтөбелік мұнай-газ саласы ардагерлері бейнебайланыс арқылы өткізілген «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевтің Қазақстанның мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қайраткерлерімен кездесуіне қатысты.

М.Мырзағалиев ардагерлерге ұлттық компанияның 2023 жылғы өндірістік қорытындылары бойынша ақпарат берді, сонымен бірге ҚМГ қазіргі инвестициялық және әлеуметтік жобалары бойынша жоспарларымен бөлісті. «ҚазМұнайГаз» өткен жылды жақсы көрсеткіштермен аяқтағанын, компания қызметінің негізгі бағыттары бойынша нәтижелері алдыңғы жылғы көрсеткіштерден асып түскендігіне тоқталды.

Кездесуге Қазақстанның мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қайраткерлері мен ардагерлері қатысты. М.Мырзағалиев ардагерлерге компанияны және мұнай-газ саласын дамытудағы стратегиялық көзқарастары мен ой-пікірлерімен бөліскені, сондай-ақ биылғы Қазақстан мұнайының 125 жылдығы аясында атқарылатын іс-шараларды талқылауға атсалысқаны үшін алғыс білдірді.

«Біздің кездесуіміз — «Мұнай-газ кешенінің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің бастамасының арқасында болып отыр. Бүгін біз еліміздің барлық өңірлеріндегі құрметті ардагерлерімізді жинадық. Біз сіздердің кеңестеріңіз бен ұсыныстарыңызды зор ризашылықпен қабылдайтынымызды атап өткім келеді», — деді М.Мырзағалиев кездесу барысында.

«Қазақ әуелден келелі істі елдің қарияларын жинап, тәжірбиелі ақсақалдармен кездесіп, ортаға ой салып барып бастаған. Сондықтан бұл кездесу біздің кеңестің құрамындағы мыңға жуық ардагерелер үшін маңызды. Сол ардагерлердің телегей теңіз өмірлік және мол кәсіби тәжірбиесін мұнай-газ саласында қызмет жасап жатқан жастарға беру, яғни ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру біздің бірлестіктің басты міндеттерінің бірі», — деді «Мұнай-газ кешенінің ардагерлері» РҚБ кеңесінің мүшесі Зейнолла Өтежанұлы.

Тізімге оралу