30-ЖЫЛДЫҚ БЕЛЕС!

«Қазақтүрікмұнай» ЖШС ұжымы 30-жылдық мерейтойын атап өтті.

ҚР мұнай-газ кешені қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен тұспа тұс келген салтанатты шараға тәуелсіз Қазақстанның тарихында шетел инвестициясының қатысуымен құрылған алғашқы біріккен кәсіпорын ретінде есте қалатын «Қазақтүрікмұнай» ЖШС-ның аяққа тұруына, өсіп өнуіне өз үлестерін қосқан ұжымның ардагерлері шақырылды.

Салтанатты кештің құрметті қонақтарының арасында көрнекті мемлекет қайраткері, «Қазақтүрікмұнай» компаниясын құрып, 1993 жылдан 2003 жылға дейін 10 жыл бойына басқарған алғашқы бас директоры, бүгінгі таңда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, сондай-ақ «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов пен көрнекті мемлекет қайраткері, 2003-2006 жылдар аралығында «Қазақтүрікмұнай» компаниясын басқарған, бүгінгі күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың есімдерін ерекше атап өткен жөн.

Мерекелік шараны Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров ашты. Мұнай компаниясы ұжымын 30-жылдық мерейтойымен құттықтаған облыс басшысы «Қазақтүрікмұнай» ЖШС-ның бүгінде Ақтөбе облысындағы іргелі кәсіпорындар қатарында екенін, өңірдің әлеуметтік мәселелерін шешуге әрдайым сүбелі үлесін қосып жүргенін атап өтті.

Ал «Қазақтүрікмұнай» ЖШС-ның Бас директоры Алмас Хамзин өз сөзінде «Қазақтүрікмұнай» ЖШС-ның құрылуында Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқы болып таныған бауырлас Түркия елінің зор үлесін атап өтті. «Түркия Республикасы салған инвестицияның арқасында құрылған кәсіпорнымыз бүгінде 30-жылдығын атап өтуде», - деді ол құттықтауында. Серіктестіктің басшысы «Қазақтүрікмұнай» ЖШС-ның құрылуына, аяққа тұруына, өсіп дамуына үлесін қосқан барлық әріптестерімді, ардагерлерімізді, компанияда бүгінгі күні жұмыс жасап жатқан барша қызметкерлерді 30-жылдық мерейтойымызбен шын жүректен құттықтаймын!», - деп аяқтады өз сөзін.

Кеште бүгінгі таңда зейнет демалысында жүрген «Қазақтүрікмұнай» ЖШС-ның еңбек ардагерлеріне серіктестіктің «30-жылдық мерейтойға» арналған медалі табыс етілді.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары Даулетжан Хасанов ұжымдағы үздік мұнайшыларды марапаттады.

Атап өтер болсақ, №1 мұнай және газ өндіру цехында технологиялық қондырғылар операторы Кадес Калбагаевқа ҚР Энергетика министрлігінің «Мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісі, №1 мұнай және газ өндіру цехы мұнай дайындау жөніндегі шебері Альберт Есембаевқа «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның Естелік белгісі, №2 мұнай және газ өндіру цехы еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы жөніндегі инженері Бекежан Шинтасовқа «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның Естелік белгісі, №3 ұңғымаларды күрделі және ағымдағы жөндеу жөніндегі цехтың инженер-технологы Самат Махамбетовке «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның Естелік белгісі, сатып алулар, жергілікті мазмұн және қойма шарушылығы бөлімінің бастығы Айдар Ермуханға «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның Естелік белгісі табысталды.

Сонымен қатар салтанатты шараға арнайы келген серіктес мекемелердің басшылары - «Батысқазжерқойнауы» өңірлік департамент басшысы Әміржан Оразғалиев, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мұнай және газ өндіру департаментінің директоры Ержан Абылханов, «ҚазГерМұнай» компаниясы бас директорының бірінші орынбасары Ринат Ізмұханбет, «ҚазақОйл-Ақтөбе» компаниясының бас директоры Қанатбек Қасымғалиев, «КМГ Инжиниринг» Атырау қаласындағы филиалының директоры Рахым Өтеев «Қазақтүрікмұнай» ЖШС ұжымын 30-жылдық мерейтойымен құттықтап өз лебіздерін білдірді.

Тізімге оралу